Білім алуы

Сүлеймен Хилми (к.с.) білім жолын 1902 жылы Силистраның «Рушдия» мектебінен бастайды. Сол жылы Силистрадағы Сатырлы медресесіне түсіп, араб тіл ғылымының негіздерін үйреніп шығады. Кейін оқуын жалғастыру мақсатымен, әкесі оны 1907 жылы Стамбулға жібереді. Жолға шығарып саларда әкесі былай дейді:
“Балам, усул әл-фиқһ ғылымын жақсы меңгерсең дінің қуатты болады. Мантық (логика) ғылымын жақсы оқысаң білімің қуатты болады”.

Сүлеймен Хилми (к.с.) Стамбулда Фатих мешіт-медресесінің профессорларынан және сол заманның атақты дін ғалымдарының бірі Бафралы Ахмет Хамдиден білім алады. Сол жылдары Фатих орталығындағы Хафиз Ахмед Паша медресесіне орналасады. Фатих медреселері: Сахын Сәман, Бахр Сәфид, Баш Чифте Куршунлу медреселерінде дәріс алады. Ахмед Хамди мырзадан барлық пәндерді толық меңгергеннен кейін, 1913 жылы оқуын бірінші дәрежемен бітіріп, ижаза (диплом) алады.

1914 жылы қазан айында, жаңа ашылған «Дар әл-Хилафәт әл-Алия» медресесінің жоғары бөліміне (Қысмы Али) оқуға түседі. 1-курс пен 2-курсты емтихан беріп қана өтіп, бірден 3-курстан бастайды. Бұл жерді 1916 жылы бітіріп шығады. («Кысмы Али» бөлімі 1917 жылы «Сахын» деп өзгертілген.)

1916 жылдың 30 қыркүйегінде жоғары кәсіби білімін (докторантура) тәмамдау үшін үш жылдық «Мутахассисин» медресесінің тәпсір және хадис бөлімдеріне түседі. (Фатихтегі Явуз Сұлтан Селим мешітінің жанындағы «Абдулхамид Әууәл» медресесінде орналасқан «Мұтахассисин» медресесі, 1917 жылы «Сүлеймание медресесі» деп өзгертілген.)

Алғашқы екі жылын үздік нәтижемен аяқтаған соң, 1918 жылы 20 студентпен бірге «Шейхул Ислам» дәрежесіне ұсынылып, Осман мемлекеті сұлтаны Мухаммед Уаһидуддиннің бекітуімен “Стамбул Мүдәррисі” куәлігі беріледі. 1919 жылы 27 мамырда Сүлеймание медресесінің тәпсір және хадис бөлімін жоғары дәрежемен бітіріп шығады.

Сүлеймание медресесін бітіргеннен кейін, «Медресе әл-Құзатқа» (заңгерлік оқу орны) емтихан тапсырып, сынақтан жоғары нәтижемен өтеді. Осы қуанышымен бөлісу үшін әкесіне хат жолдағанымен, телеграмма арқылы мынадай жауап алады:
“Сүлеймен, мен сені тозаққа түссін деп Стамбулға жібермедім”.

Әкесі осы телеграмма арқылы Пайғамбарымыздың (с.а.у): “Үш қазының екеуі тозақта”, (Сүнән Тирмизи) деген хадисіндегі мағынаны меңзейді.

Хазірет Сүлеймен (к.с.) әкесіне жазған жауабында, өзінің қазы болу ойының жоқтығын, мақсаты, өз ғасырындағы барлық діни ілімдерді меңгеріп шығу екендігін айтады. Сөйтіп, Сүлеймание медресесінің тәпсір және хадис бөлімін бітіріп, «Дерсиам» дәрежесін алып, «Медресе әл-Құзатты» тәмамдап қазылық (заңгер) сертификатын да алады. Осылайша, сол кезеңнің ақли (ақыл-ойға негізделген ғылымдар) және нақли (аят, хадистерге негізделген ғылымдар) білімдерін жетік меңгеріп шығады.

Мұнымен қоса хазірет Сүлеймен Хилми (к.с.) астрономияны да меңгереді.
«Дар әл-Хилафәт әл-Алия» медресесінің жоғары бөлімі (Қысмы Али), 3-курста оқыған пәндері мен алған бағалары:

  • Тәпсір шәріп – 10
  • Хадис шәріп – 10
  • Фиқһ ілімі – 9
  • Усул фиқһ – 10
  • Хилафия (Салыстырмалы Ислам құқығы) – 10
  • Кәләм ілімі (Ақида) – 10
  • Философия – 10
  • Құқық және заңдар – 9
  • Араб әдебиеті – 10
  • Барлығы – 88

1919 жылы 27 мамырда бітіріп шыққан «Сүлеймание Медресесінің» соңғы курсында оқыған пәндер мен алған бағалары:

  • Тәпсір шәріп – 10
  • Усул хадис және Накт Рижаль – 10
  • Хадис шәріп – 10
  • Табақат әл-Құрра уәл-Мүфәссирин – 10
  • Рисалә (докторлық диссертация) – 9+2/7
  • Қорытынды бағасы: 9+9/14

Сонымен қатар «Медресе әл-Құзатта» оқып, емтихан тапсырып, дипломда көрсетілген кейбір пәндер:

  • Рим құқығы
  • Шариғат үкімдері жинағы
  • Құрлық саудасы құқығы
  • Теңіз саудасы құқығы
  • Мемлекеттік басқару құқығы т.б.