Еңбек жолы

Сүлеймен Хилми Тұнахан (қ.с.) 1919 жылы оқуын толық тәмамдаған соң, 1920 жылдың 1 маусымынан бастап «дерсиам» атағымен ұстаздық қызметке бастайды. 1922 жылы «Дар әл-Хилафәт әл-Алия» медресесінің «Ибтида-й Харич» бөлімінің бірінші курсына түрік тілі ұстазы боп тағайындалады. 1923 жылы алдымен араб тілі ұстаздығына тағайындалып, кейін қайта түрік тілі ұстазы қызметін атқарады.

1922 жылы 1 қарашада алты ғасырдан астам үстемдік құрған Ұлы Осман мемлекеті құлайды. Осыдан кейін 1924 жылы 3 наурыздан бастап «Тәухид Тәдрисат» (Біріңғай оқу бағдарламасы) заңы күшіне еніп, барлық медреселер алдымен ұлттық білім министрлігіне тапсырылып, аз уақыттан соң толығымен қызметін тоқтатты.

Ұстаздық етіп жүрген «Ибтида-й Харич» медресесі «Имам Хатип» мектебіне ауыстырылған соң, заманның шарттары мен саясатына байланысты қажетті діни білім беру мүмкіндігі қалмағандықтан, өз қалауымен ұстаздық қызметінен кетеді.

«Тәухид Тәдрисат» заңы бойынша діни ұстаздар (мударристер) бос қалады. Сүлеймен Хилми Тұнахан (к.с.) өзі де бір мүшесі саналатын «Жамиату Мударрисин» бірлестігіндегі 520-ға жуық Стамбул ғалымдарын, «Жаңа өзгерістердің дін білімнің жоғалуына апаратынын» айтып, мынадай хабарлама жасайды:

«Уа ұстаздар қауымы! Бүгінгі таңда дінді сақтап қалушы сіздерсіздер. Әрбіреуіңіз екіден, үштен адам оқытып, оларға дінін үйретсеңіз, ең азы елу жыл, бір-екі ұрпаққа дейін Исламның өмірін ұзартасыздар. Ал бұлай жасамасаңыздар, Алланың алдында жауапкершіліктен құтыла алмайсыздар!»

Алайда ғалымдар: «Бұдан кейін бізге ұстаздықтан пайда жоқ. Енді қандай қызмет тапсырылса соған барамыз» — дейді. Хазірет Сүлеймен Хилми оларға:

«Мырзалар! Ұстаз болу, бір мамандық немесе нан табудың жолы емес. Ұстаз болу — Алланың, Пайғамбардың, Құранның және Ислам дінінің қызметшісі демек», — деп жауап береді.

Соңында, Хазірет Сүлеймен Хилми, кейбір ғалымдарды көндіріп, үкіметке мынадай телеграмма жолдайды:
«Біз, төменде аттары жазылып, қолдары қойылған ұстаздар, үкіметіміздің отан соғысы сияқты үлкен ауыртпалықтан шыққанын, экономикалық дағдарыстарға тап болғанын ескере отырып, Ислам білімдерін тегін оқытуға дайын екенімізді білдіреміз».

Бірақ бұл сұраныстарына:
«Мемлекетте «Тәухид Тәдрисат» заңы жүргізілуде. Осы заңға қайшы келгендер қатаң түрде жазаға тартылады» — деген жауап келеді.

1926 жылы туған ауылы Фаратларға барып, қырық күннен кейін Түркияға қайтып келеді. Екі жылдан соң (1928 жылы) әкесі Осман мәңгілік сапарға аттанады.

Осындай ауыр шарттармен дін үшін тер төккен Сүлеймен Хилми Тұнахан (к.с.), сол қиын күндерді былай суреттейді:
«Ол кезде депутат айлығындай ақша ұсынсам да, оқыту үшін адам таба алмадым. Ақшаны алып, қашып кететін. Өйткені қорқатын еді. Бұл білімдер жер бетінен жоғалып кете ме деп қауіптендім. Бірақ, Алла бір жолын ашып, шәкірт оқыту мүмкіндігі туды. Жасы егде адамдардан бастадық. Кейін жастар да келді. Қазір де өз жалғасын табуда. Мұның бәрі Алланың бізге берген үлкен жақсылығы».

Үздіксіз полиция бақылауында қалған Сүлеймен Хилми Тұнахан (қ.с.), 1930 жылы шәкірт оқыту үшін Стамбулдан шығып, Чаталжаның Қабақша ауылынан бір ферманы жалға алады. Мұнымен қоса бір адаммен қосылып, газ майын сататын фирманың Тракиядағы орталығын алады. Жалға алған ферма жұмысшыларының арасынан кейбіреуіне дәріс береді. Полиция мұны да біліп қойған соң, дәрісті тоқтатпау мақсатымен, сол төңіректегі Кушкая тауына шығады. Осыдан кейін Силиври деген жерде ағаш көмірін дайындау үшін жалға алған орманның тыныш бір жерінде дәріс бере бастайды.

Бұған да мүмкіндік бермеген соң, 1933 жылы оңтүстіктегі Торос тауларының ауылдарында мал бағумен айналысып жүріп, шәкірт оқытады. Қалааралық поездарда жолаушы болып та сабақ оқытқан кездері болды. Шәкірт таба алмай қалған кездері екі қызын оқытып, ижаза береді.

Хазірет Сүлеймен Хилми Тұнахан, бір жағынан Стамбулдағы Доғанжылар, Азиз Махмұд Худаий, Йағкапаны, Софта Хатип, Үчмихраплы, Қасымпаша, Пиялапаша, Аға мешіті, Араб мешіті, Арабчылар мешіті, Аспалы мешіт, Кысыклы мешіті сияқты шағын мешіттермен бірге, Шехзадебашы, Лалелі, Фатих, Сүлеймание, Сұлтанахмед, Беязит, Иеніжами сияқты үлкен мешіттерде де уағыз айтып, халықты тура жолға шақырып, үлкен қызмет атқарады.

Сүлеймен Хилми Тұнахан (к.с.) осындай қызметтермен қоса, негізгі қызметі — шәкірт оқытуды мешіт бөлмелерінде, үйлерде, ғимарат подвалдарында жүргізеді. Шәкірттерінің арасында әртүрлі жастағы, түрлі кәсіппен айналысатын адамдар да бар еді.

Әсерлі уағыздары мен «Әһлі сүннет» сенімінде болуының нәтижесінде, көпшіліктің ілтипатына бөленген Сүлеймен Хилми Тұнахан (к.с.), 1950 жылдан соң туындаған кейбір мүмкіндіктерді пайдаланып, көңілдері ауған ауқатты адамдардың да көмегімен діни білім беру қызметін дамыта түседі.

Осыған орай, 1951 жылы бір кәсіпкердің Үскідар Чамылжадағы ескі сарайын алап, бірінші қабатында 25-ке жуық оқушыға арналған алғашқы жатып оқитын Құран курсын ашады. Бақылауда болған жылдары алдымен өз үйіне жапсарлас жайларда, Чамылжа маңайынан жалдаған үйлерде және Азиз Махмұд Худаий мешітінің жанындағы бір ғимаратта бала оқытады. Сол жылдары, Стамбулдың Еуропа жағындағы Шехзадебашы және Вефадағы Таштекнелер (Молла Хусреу) мешіттеріндегі имамдар мен муәзіндерге және келген шәкірттерге дәріс береді.

Сүлеймен Хилми Тұнахан (к.с.), медреселерде жылдар бойы оқытылатын дәрістерді, заманның шарттарына сай қысқа мерзімде оқыта бастайды. Осындай аз уақытта шәкірт тәрбиелеп шығарғаны үшін сынға ұшыраған ұстаз, оларға былай деп жауап береді:

«Мырзалар! Мұхаммед үмметі тозаққа селдей ағып жатқан мына заманда, мұсылман халқының бұл білімдердің бес-он жыл оқытылуын күтуге шыдамы бар ма? Біз шәкірттерімізге білімнің кілтін береміз, олар бұл кілтпен кітаптар мен кітапханалардың есіктерін ашады».

Хазірет Сүлеймен Хилми алдымен Құран Кәрім және Ғылымхал дәрістерін оқытудан бастайды. Одан кейін сарф ғылымнан: Емсиле, Бинә, Мақсуд, наху ғылымынан: Ауамил, Изһар, Кафиә, Молла Жами кітаптарын, кәлам ғылымынан: Ақаиыд Нәсәфииә, Амали қасидәсі, фиқһтан: Нурул Изах, Қудури, усул фиқһтан: Мұхтасар әл-Мәнар, мантықтан: Исағужи, баян және бәди ғылымдарынан: Алақа рисаләсі, Тәлхис әл-Мифтах, Мұхтасар әл-Мағани сияқты арабша кітаптарды оқытады. Жоғары деңгейдегі дәрістер оқытылатын «тәкәмул» курсындағы шәкірттерге кәлам ғылымынан: Сағдуддин Тафтазанидың Шәрх әл-Ақаид, фиқһтан Молла Хусреудің: Дүрар әл-Хуккам, усул фиқһтан тағы да Молла Хусреудің Мират әл-Усул және Хадиминің Мәжамиул-Хакаиқ кітабын, мантықтан Әли әл-Қазуинидің Шәмсиә атты кітаптарынан дәріс береді. Уақыты мен мүмкіндігі болса фараиыз, тәпсір, усул тәпсір, хадис, усул хадис ілімдерін оқытып, ижаза беретін. Шәкірттеріне діни біліммен қатар, астрономия мен медицина саласы бойынша да сабақтар жүргізіп, оларды болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отыратын.

Тәрбиелеген шәкірттерін ұстаздық ету үшін әртүрлі жерлерге жіберіп, дәріс оқытылатын жерлердің санын көбейткен Хазірет Сүлеймен Хилми, Рамазан айы және басқа уақыттарда уағыз айтып, халыққа дінін үйрету үшін оларды Анадолы мен Тракияның ауылдары мен қалаларына жібереді.

Бір жағынан оқыған шәкірттерін муфтияттың емтихандарға жіберіп, мүфти, уағызшы, имам және Құран курсы ұстазы ретінде қызмет етуіне жол ашады. Шәкірттерін ғылыми және рухани жақтан жетілдіріп қана қоймай, олардың тамақтануы, жататын орындары және денсаулықтарына да көңіл бөледі.

Хазірет Сүлеймен Хилми, уағыз және шәкірт оқыту істерінде көп қиындықтарға тап болады. Бақылауға алынады, полиция бөлімшесіне шақырылып, жауапқа тартылады,. Тіпті бірнеше рет Стамбул қауіпсіздік басқармасының 1-ші бөлімшесінің ауыр шарттарына ұшырап, «табутлық» (бір ғана адамның, отыра алмайтын, тек қана тұра алатын тар бөлме)» деп аталатын бақылау камерасында азап көреді.

1956 жылғы бір уағызында «Алжирлық бауырларымызға көмектесе алмай жатырмыз. Тым болмаса дұға қылайық» дегені үшін жауапқа тартылады.

1957 жылы Кутахия Таушанлыдан шыққан біреу, жақтастарымен бірге Бурса «Ұлыжами» мешітінде өзін мәһдимін деп жариялап, көшеге шығады. Сүлеймен Хилмиды (к.с.) осы оқиғамен байланыстырып, Кутахия қауіпсіздік басқармасында жауапқа тартып, 69 жасында қамауға алынады да, 59 күннен кейін сот алдына шығарылады. Алайда, басқа кездегідей, бұл жолы да оқиғаның арнайы ұйымдастырылғаны және куәлардың жалған сөйлегені анықталып, 1957 жылы 29 тамызда кепілдікпен босатылып, 1957 жылы 8 қарашада ақталып шығады.

Сүлеймен Хилми (к.с.), бар өмірін арнаған шәкірт оқыту және адамдарды тура жолға шақыру қызметінде, түрлі жала мен үздіксіз полиция қысымына ұшырады.