Өмірбаяны

Хазірет Сүлеймен Хилми Тұнахан (қ.с.) 1888 (Хижра 1305, Руми 1304) жылы қазіргі Болгария Республикасы, Силистра елді мекені, Разград ауданы, Фаратлар ауылында дүниеге келген. Әкесі Осман Фәузи мырза (1845-1928), Стамбулда оқыған, Силистраның Сатырлы медресесі мен Ахмед Паша медреселерінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен белгілі қайраткер. Анасының есімі Хадиша. Қаймақ Хафиз деген атпен белгілі атасы, 110 жасында қайтыс болған. Есімі Махмұд мырза.

Ұстаздар әулеті ретінде танылған бұл отбасының арғы тегі саийд (пайғамбар ұрпағы) Ыдырыс Бейге дейін барады. Фатих Сұлтан Мұхаммед хан тарапынан Ыдырыс Бей Дунай өңірінің ханы болып сайланады. Мұнымен қоса сұлтан оны өз қарындасымен үйлендіреді.

Хазірет Сүлеймен Хилмидің есімі, әкесі сияқты «Хожазада» тіркесімен айтылып, «Тек заңы» (Soyadı Kanunu) шыққаннан соң, «Тұнахан» деп өзгертілді. Кішкентай кезінде қайтыс болған Фаруқ атты баласына байланысты, «Әбул Фаруқ» деп аталды.

Әкесі Осман мырза, Стамбулда оқып жүріп, бір ғажап түс көреді. Түсінде денесінен бір нәрсе бөлініп, бүкіл әлемге жарық шашқанын көреді. Әкесі бұл түсін «өз ұрпағынан тараған бір баласы дүниені рухани жақтан биікке көтереді» деп жориды.

Силистраға қайтқан соң үйленеді. Дүниеге келген Фаһим, Сүлеймен Хилми, Ибраһим және Халил есімді төрт ұлының ішінен Сүлеймен Хилмидің көрген түсіне сай екендігін байқайды. Сөйтіп оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі.