Сүлеймен Хилми Тұнахан (қ.с.) 1888 (Хижра 1305, Руми 1304) жылы қазіргі Болгария Республикасы, Силистра елді мекені, Разград ауданы, Фархатлар ауылында дүниеге келген. Әкесі Хожазада Осман Фәузи мырза (1845-1928), Стамбулда оқыған, Силистраның Сатырлы медресесі мен Ахмед Паша медреселерінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен белгілі діни қайраткер. Анасының есімі Хадиша. Атасының есімі Махмұд мырза, «Қаймақ Хафиз» деген атпен белгілі болып, 110 жасында қайтыс болған.
Ұстаздар әулеті ретінде танылған бұл отбасының арғы тегі Сеийд Ыдырыс Бейге дейін барады. Фатих Сұлтан Мұхаммед хан тарапынан Ыдырыс Бей Дунай өңірінің ханы болып тағйындалады. Мұнымен қоса сұлтан оны өз қарындасымен үйлендіреді. Әкесі Осман мырза, Стамбулда оқып жүріп, бір ғажап түс көреді. Түсінде денесінен бір нәрсе бөлініп, бүкіл әлемге жарық шашқанын көреді. Әкесі бұл түсін «өз ұрпағынан тараған бір баласы дүниені рухани жақтан биікке көтереді» деп жориды. Силистраға қайтқан соң үйленеді. Дүниеге келген Феһим, Сүлеймен Хилми, Ибраһим және Халил есімді төрт ұлының ішінен Сүлеймен Хилмидің көрген түсіне сай екендігін байқайды. Сөйтіп оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі.
Сүлеймен Хилми (к.с.) білім жолын 1902 жылы Силистраның «Рушдия» мектебі мен «Сатырлы» медресесінде бастайды. Кейін оқуын жалғастыру мақсатымен, әкесі оны 1907 жылы Стамбулға жібереді. Жолға шығарып саларда әкесі былай дейді:
«Балам, «усул ұл-фиқһ» ғылымын жақсы меңгерсең дінің қуатты болады. «мантық» (логика) ғылымын жақсы оқысаң білімің қуатты болады».
Сүлеймен Хилми (к.с.) Стамбулда Фатих мешіт-медресесінің профессорларынан және сол заманның атақты дін ғалымдарының бірі Бафралы Ахмет Хамдиден білім алады және 1913 жылы оқуын бірінші дәрежемен бітіріп, ижаза (диплом) алады. 1916 жылы жоғары кәсіби білімін (докторантура) тәмамдау үшін үш жылдық «Мутахассисин» медресесінің тәпсір және хадис бөлімдеріне түседі.
Алғашқы екі жылын үздік нәтижемен аяқтаған соң, 1918 жылы 20 студентпен бірге «Шейхул Ислам» дәрежесіне ұсынылып, Осман мемлекеті сұлтаны Мухаммед Уаһидуддиннің бекітуімен «Стамбул Мүдәррисі» куәлігі беріледі. 1919 жылы 27 мамырда Сүлеймание медресесінің тәпсір және хадис бөлімін жоғары дәрежемен бітіріп шығады.
Сүлеймание медресесін бітіргеннен кейін, «Медресе әл-Құзатқа» (заңгерлік оқу орны) емтихан тапсырып, сынақтан жоғары нәтижемен өтеді. Осы қуанышымен бөлісу үшін әкесіне хат жолдағанымен, телеграмма арқылы мынадай жауап алады:
«Сүлеймен, мен сені тозаққа түссін деп Стамбулға жібермедім».
Әкесі осы телеграмма арқылы Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Үш қазының екеуі тозақта» – деген хадисіндегі мағынаны меңзейді. Сүлеймен Хилми (қ.с.) әкесіне жазған жауабында, өзінің қазы болу ойының жоқтығын, мақсаты, өз ғасырындағы барлық діни ілімдерді меңгеріп шығу екендігін айтады. Сөйтіп, «Сүлеймание» медресесінің тәпсір және хадис бөлімін бітіріп, «Дерсиам» дәрежесін алып, «Медресе ұл-Құзатты» тәмамдап қазылық (заңгер) сертификатын да алады. Осылайша, сол кезеңнің ақли (ақыл-ойға негізделген ғылымдар) және нақли (аят, хадистерге негізделген ғылымдар) білімдерін жетік меңгеріп шығады.
Алланың жазуымен Силсила Саадаттың (Рухани шежіре) 33-ші әрі соңғы мүшесі болды. Осы шежіренің 32-ші алқасы хазірет Салахуддин Ибн Мәуләна Сиражуддиннен (қ.с.) рухани тәрбиесін тәмамдаған соң, рухани кемелдігі жоғары болуы себепті, хазірет Салахуддин (к.с.) оны хазірет Имам Раббани Ахмед Фаруқ Сәрһәндидің рухани тәрбиесіне тапсырды.
Дүниенің соңы жақындаған уақытта, Алланың нұрынан нәсібі барларды күпірлік шұңқырынан, иман, ықылас биігіне көтеріп келеді. Бұл қызметі әлі де жалғасын табуда.
Хазірет Сүлеймен Хилми Тұнахан (к.с.) 1959 жылы 16 қыркүйекте (хижра 1379, 12 Рәбиғуләууәл) сәрсенбі күні екінді намазынан кейін Қысықлыдағы үйінде 72 жасында мәңгілік өмірге аттанды (қаддәсаллаһу сиррахул әғаз). Бірақ қызметі мен рухани тәрбиесі бұрынғыдай жалғасын тауып келеді.