Пайғамбарымызды жақыннан таниық

Дүние мен ақыретте имандылық дәреже мен игілікке қол жеткізу, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (саллаллаһү аләйһи уә сәлләм) жақыннан танып, оған нағыз үмбет болу арқылы ғана мүмкін болмақ. Пайғамбарымызды білмейтін, оны сүймейтін адам ешқашан ізгілік иесі бола алмайды.

Пайғамбарымыздың аты Мұхаммед, әкесінің аты Абдуллаһ, анасының аты – Әмина. Ана құрсағында жеті айлық кезінде әкесі дүние салды. Милади 571 жылы 20-шы сәуірге сәйкес келетін Раби ул-әууәл айының 12-сі күні таңға жақын Мекке шаһарында дүниеге келді. Туылғанда ешбір сәбиге ұқсамады. Бойынан төгілген пайғамбарлық нұр, қараған көздің жауын алатын еді.

Төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың қолында болды. Содан кейін отбасына кері берілді. Алты жасында анасы Әмина қайтыс болып, атасы Абдулмұтталиб бауырына басты. Анасы қайтыс болғаннан кейін екі жылдан соң атасы да қайтыс болды. Бұл кезде оны немере ағасы Әбу Тәліп қамқорлығына алды.

Пайғамбарымыздың балалық шағы мен жастық шағы, отбасылық кезеңі, жалпы бүкіл өмірі ешбір пендеге нәсіп болмаған ізгі қасиет және кемелдікпен өткен.

Жиырма бес жасына келгенде Хадиша анамызбен отбасын құрды. Ешқашан пұтқа табынған емес. Бала кезінен пұтқа табынуды жек көретін. Ибраһим аләйһис-сәләмнің діні бойынша Аллаға ғибадат ететін. Кей кезде Мекке маңындағы Нұр тауына барып, сол жерде Алла Тағаланың құдіреті мен ұлылығын ойлап, әу баста Алланың өзіне берген ғашықтық және махаббат теңізіне сүңгіп, жүрегіндегі таухид нұрының сәулесіне шомылып, Алланы зікір ететін.

Пайғамбарымыз бір күні Хира үңгірінде болған кезде, Жәбірейіл аләйһис-сәләм оған Алланың бұйрығымен пайғамбарлық міндетін білдіруге келді. Адамзаттың құтқарушысы, Алланың сүйікті пайғамбары Хазіреті Мұхаммедке (саллаллаһү аләйһи уә сәлләм):

— Оқы! — деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
— Нені оқиын? — деді. Жәбірейіл (а.с.) пайғамбарымыздың кеудесін қысып, сосын босатты. Жәбірейіл (а.с.) қайталап:
— Оқы! — деді. Пайғамбарымыз (с.а.у) :
— Нені оқиын? — деді. Жәбірейіл (а.с.) пайғамбарымыздың кеудесін тағы да қысып сосын босатты және үшінші рет:
— Оқы! — деді. Пайғамбарымыз (с.а.у):
— Нені оқиын? — деді. Жәбірейіл (а.с.) пайғамбарымыздың кеудесін үшінші рет қысып сосын босатты.

Сөйтіп, Жәбірейіл (а.с.) тарапынан рухани ота (операция) жасалды. Бұдан кейін Жәбірейіл (а.с.) оған: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адамды (бір түйір) ұйыған қаннан жаратты. Оқы, Раббың ардақты. Ол қаламмен (жазуды) үйретті. Адамға білмегенін білдірді», — деген мағынадағы «Алақ» сүресінің алғашқы бес аятын оқыды.

Осылайша, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллаһү аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық міндеті жүктелді. Құран Кәрім 23 жыл бойы түсірілді. Он үш жыл бойы адамдарды Меккеде Хақ жолына шақырды. Қиын машақаттар көріп, ауыр азап шекті. Бәріне сабырлық көрсетіп Алланың барлығы мен бірлігін жаюға бүкіл күш-жігерін арнады. Содан кейін Мадина Мунаууара қаласына қоныс аударыды. Он жыл Мадинада пайғамбарлық уәзипасын барлық күш-қайратымен атқарды. Адамдарға адамгершілікті үйретіп, өркениет жолын көрсетті. Қараңғы көңілдерді Ислам нұрымен нұрландырып, міндетін мүлтіксіз орындады.

Алпыс үш жасында дүниеден өтті. Адамзатқа тура жолға бастайтын Құран Кәрім мен сүннеттерін өсиет және аманат етіп қалдырды.

Салауат пен сәлем саған болсын, уа Алланың Расулі! Сен — әлемдердің Раббы Алла Тағаланың ұлы мақтауына иесің. Сен — Мұхаммед Мұстафасың (саллаллаһү аләйһи уә сәлләм). Сен – Күллі әлемге жіберілген рақымсың. Адамзат пен жындар қауымының Пайғамбарысың! Сен — «Хатәм ул–Әнбия» ең соңғы пайғамбарсың! Сен туралы — «Ләу ләкә ләу ләк ләмә халәқтүл әфләк» — деп айтылған.